«Қазақстандық жол» көптеген шетелдік ғалымдардың қызығушылығын тудырды - депутат В. Рогалев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Қазақстандық жол: Бірлік. Патриотизм. Реформалар» атты халықаралық конференцияда елдің кезең-кезеңмен дамуының «Қазақстандық жол» моделі шетелдік көптеген ғалымдардың қызығушылығын тудырды.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Виктор Рогалев мәлім етті.

Атап айтқанда, бүгінгі форум барысында қатысушылар полиэтникалық және поликонфессионалдық қоғамды дамытуда, сондай-ақ халықаралық тұрақтылықты, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз етудегі Қазақстан мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесін және өзге өзекті мәселелерді талқылады.

«Осы конференция Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезінен кейін өтіп отыр. Конференцияға көптеген елдердің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, барлық спикерлер қазіргі Қазақстанның моделі, яғни Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандық жол» моделіне ерекше назар аудару керектігін, сонымен оны зерттеуге мән беру қажеттігін алға тартуда»,-деді депутат Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Айта кетейік, бүгінгі конференцияға Парламент Мәжілісінің спикері Қабиболла Жақыпов, Беларусь Республикасы Ұлттық Жиналысы Өкілдер палатасының Төрағасы Владимир Андрейченко, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Асылбек Жээнбеков, сондай-ақ Ауғанстан, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан депутаттары, ҚХА өкілдері мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлері қатысты.