«Қазақстандық жол - Ресейге үлгі» - баспасөзге шолу

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 29 сәуір, сейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Алматыда Ұлттық кітапханада еліміздің жетекші баспалары мен бірқатар БАҚ басшылары бас қосты. Жиында Қазақстандағы кітап нарығы дамуының негізгі бағыттары, қазіргі жағдайы мен келешегінің даму барысы, елімізде ұлттық кітап шығару және кітап тарату ісі, сондай-ақ кітап оқу жөніндегі өзекті мәселелер көтерілді. Бұған дейін Астанадағы Академиялық ұлттық кітапхананы басқарып, таяуда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының тізгінін ұстаған белгілі жазушы, қоғам қайраткері Әлібек Асқаров өз қызметін Алматыдағы отандық ірі баспалардың басшыларын, белгілі қаламгерлерді бір үстелдің басына жинап, зиялы қауыммен кездесуден бастады. Бұл жайында «Кітап оқымайтын ұрпақ өсіп келеді» атты мақаладан оқи аласыздар.

Осы басылымда «Түркістанның» тойы - түркі дүниесінің тойы» деген мақала берілген. Алматыда Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының төрінде Тәуелсіздіктің төл басылымы, отандық медиа кеңістігінде өз орны, қалыптасқан өз қолтаңбасы бар халықаралық саяси апталық - «Түркістан» газетінің жиырма жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілді. Жиынды ашқан газеттің бас редакторы Шәмшидин Паттеев газеттің шығуына мұрындық болған марқұм, белгілі жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджанов пен қазақ әдебиетінің заңғар жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің еңбегін айта келіп, бүгінде газет Қазақстанның тәуелсіздігін, Қазақстанның мемлекеттілігін, қазақтың, түркінің жоғын іздеген басылымның бірі болғанын, соңғы бес жылда газет «Нұр Отан» партиясымен серіктестікте бірге жұмыс істеп келе жатқанын жеткізді.

***

«Айқын» газетінде «Қазақстандық жол - Ресейге үлгі» атты мақала жарияланды. Еліміздің ХХІ ғасыр ортасына дейінгі басты даму бағдарламасының қабылданғанына бір жарым жылға жуықтады. Осы орайда отандық және шетелдік саясаттанушылар, «Қазақстан - 2050» стратегиясын іске асырудың алғашқы қорытындылары мен өзекті проблемаларын талдай келе, «жалпыұлттық жаңғырудың бастапқы кезеңінің табыстылығын және қоғамның үдемелі дамуы үшін жасалып жатқан қадамдардың тиімділігін» атап көрсетеді. «Назарбаев Университетінде» өткен, «Қазақстан - 2050»: алғашқы қорытындылары және өзекті проблемалары» тақырыбын арқау еткен Қазақстан саясаттанушыларының конгресіне қатысушылар осындай қарар қабылдады.

Осы басылымның жазуынша, Байқоңыр ғарыш айлағынан қазақстандық телекоммуникациялық KazSat-3 спутнигі және "Луч-5В" ғарыштық аппараты "Протон-М" зымыраны "Бриз-М" екпінді блогымен алдын ала жоспарланғанындай Астана уақыты бойынша 10.25-те ұшырылды. Келесі қадам KazSat-3 спутнигінің бөлініп, орбитаға шығуы болмақ. Бұл зымыран ұшырылған соң бірнеше сағаттан кейін болады деп күтілуде. Спутник бұрынғы KazSat-2 тандемінде жұмыс істейді. Ғарыштық апараттардың бірі шалыс қызмет еткен жағдайда олар бір-бірінің орнын алмастыруға қабілетті. Спутниктер толыққанды байланыс жүйесін құра алады. Ғарыштық аппараттарды басқару жүйесіне негізгі "Ақкөл" және қосымша "Алматы" кешендері енген. Сонымен Қазақстан шетелдік байланыс және хабар тарату жүйесінен автономды және тәуелсіз бола алады. Қазақстандық спутниктерді қолдану импорттық телекоммуникация қызметтерін жылына төрт миллиардқа төмендетеді деп күтілуде. Бұдан бөлек, KazSat-3 Қазақстанда және Халықаралық электробайланыс орталығында өзінің орбиталық позициясын бекіте түспек. Осы мәселені арқау еткен мақала « Байқоңырда KazSat-3 спутнигі «Протон-М» зымыранымен ұшырылды» деген тақырыппен басылды.

***

«Ана тілі» басылымының соңғы санында «Аудармаға мән беретін кез келді» деген көлемді мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қолданыс жүйесі, аударылу үлгісінде біршама қателіктер кездессе де, әбден орныққан сөзді қайта өзгертем деу құр әурешілік екенін түсінеміз. Мәселен, XX ғасырға дейін қазақ «дәрігер» сөзінің орнына «тәуіп», «емші», «доғдыр» деген сөздерді пайдаланып келді. Кейін орыстар өздерінің «лекарь», «целитель», «знахарь», «доктор» сөздерін «врач» деген сөзбен алмастырды да, оны қазақшалау керек деп шешкендер «дәрігер» деген сөзді қолданысқа енгізді.

«Бүгінде орыс тілінде «фармацевт» деген сөз пайда болған кезде «дәрігер» деген сөзіміз осы ұғымды беретіні анықталып, енді соған қазақша атау табылмай жүрген жай бар. Ал енді халыққа қайтадан «врач» дегенді «емші», «фармацевт» дегенді «дәрігер» дейік деп түсіндіріп көріңіз, қабылдай ма екен? Сонымен қатар орыстың «погода» сөзі кезінде «ауа райы» делініп қате аударылып, кейін ол сөзіміз «климат» деген ұғымға сәйкес келетіні белгілі болып, «погода» дегенді атам қазақ ежелден «күн райы» деп келгенін енді біліп жатқандаймыз. Бұған «күн райы жақсы», «күн бұзылып тұр», «күн жауын-шашынды болды», «бүгін күн ашық екен» деген сияқты т.б. сөз тіркестері дәлел»,-деп жазады мақала авторы.

***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Полицейский наезд» деген тақырыппен мақала берілген. Солтүстік Қазақстан облысында полиция капитаны жасаған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Бұл апат салдарынан 1987 жылғы азамат ажал құшты. Қазіргі кезде полицей уақытша оқшаулағышқа қамалды. Облыстық ІІД-нің тәртіптік комиссиясы оны қызметінен босату туралы мәселені шешуде. СҚО ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға 23 сәуірде Петропавл-Мамлют жолында орын алды. Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері жол көрінісінің шектеулі жағдайында көлігімен жаяу жүргіншіні қағып өткен.