Пойызда Ферузаны толғақ қысып, жолсеріктер дереу тиісті шараларды жасауға кіріскен. Сексеуіл стансысына жеткенде медициналық мамандар да келген. Жолсеріктер купесінде дүниеге келген сәбиге Дениз есімі қойылды. Қазір Феруза нәрестесімен Аралдағы перинаталдық орталықта, жағдайлары жақсы. Енді ертерек еліне жеткісі келеді.
«Жолсеріктер көмектеспегенде балам мен өзіме не боларын көз алдыма елестете алмаймын. Оларға алғыс айтып та үлгермедім. Бүгін міне, осы сәтті пайдаланып, оларға аналық алғысымды жеткізгім келеді», - дейді Ф. Ахметова.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Оңтүстік» филиалының директоры Асқар Шүкірбеков пойыз бастығы Қобыланды Нысанбаевқа, жолсеріктер Нұрлан Сапаров пен Қалыбек Ерсапарға алғыс жариялайтынын айтты.
Атап өтерлігі, жолаушыларға қиындық туған кезде алғашқы медициналық көмек көрсету жөніндегі тренингтер пойыз бригадаларымен тұрақты өткізіліп тұрады.
Бұл, теміржол көлігінде осы айда болған екінші оқиға. Жолсеріктердің көмегімен 7 наурызда Арқалық қаласының тұрғыны Әселхан Аманбаева «Астана-Арқалық» пойызында ұлды болған еді.