Атап айтқанда, жылдың осы мезгілінде қазақстандық шоу-бизнестің жұлдыздары Instagram желісіне өздерінің демалыстарындағы қызықты сәттерін салып, бөлісуде. Осы орайда «ҚазАқпарат» ХАА өзінің оқырмандарына еліміздің бірқатар танымал адамдары демалыстарын қай жерде және қалай өткізіп жатқандығы жайында мәліметтерді ұсынып отыр. Танымал әнші, «МузАрт» тобының мүшесі Мейрамбек Беспаевтың Instagram желісіне салған фотосуреттеріне қарағанда, қазіргі уақытта өзінің демалысын отбасымен Еуропада өткізіп жатыр. Олар Парижде болып, қазіргі кезде Миланның сәулеттік өнерін тамашалап жүрген көрінеді. Бұдан бөлек, танымал «Жаужүрек мың бала» отандық фильміне түскен Әлия Әнуарбек (Телебарисова) өзінің шәрбат айында Франция астанасында болған көрінеді. Ол өзінің биыл қосылған күйеуімен және достарымен осының алдында Канар аралдарында бірнеше күн уақытын өткізген. Еуропалық демалысты отбасымен әнші Бүркіт те таңдаған сыңайлы. Олар біршама уақыт Барселонада аялдағаннан кейін, Тенерифеде күнге күюге аттанған екен. Қазақстандық эстрада жұлдызы Роза Рымбаева отандық демалыс орындарында болғанды қалайды. Жақын арада ол Қатонқарағайға және Алакөлге баруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар биылғы жылы танымал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева да отандық курорттарға баруға шешкен. Осы орайда ол демалу үшін өзінің достарынан қазақстандық курорттардың біріне баруға кеңес беруді сұраған екен. Мақпал Исабекова «Сеземін» атты жаңа бейнебаяны аясындағы жұмыстардан кейін Израильге бағыт алған. Бірнеше күн бойы Жерорта теңізінің жағалауында аялдағаннан кейін, Таяу Шығыстағы жағдайларға байланысты шұғыл түрде елге оралуға мәжбүр болған. Танымал қазақстандық дизайнер Сәкен Жақсыбаев өзінің жазғы демалысын Барселонаның көрікті жерлерімен танысуға арнады. Қазақстанға кері қайтар жолда ол Ыстамбұлға атбасын бұрған. Осы жайында Instagram-да салынған суреттерден байқауға болады. Белгілі тележүргізуші әрі продюсер Баян Есентаева бірнеше күнін демалысқа арнаған. Ол отбасымен бірге Түркияда қысқа мерзімді демалыс өткізген екен. Осы елде қазіргі кезде Дильназ Ахмадиева да демалып жүрген көрінеді. КВН жұлдызы, сондай-ақ танымал шоумен Нұрлан Қоянбаев биылғы жылы «екі қоянды бір оқпен атуға» бел буған көрінеді. Ол Америкадағы демалысымен қатар, бір мезгілде ағылшын тілін тереңірек меңгеруді жөн деп санаған. «А-Студио» тобының продюсері әрі мүшесі Байғали Серкебаев өзінің турнесін Швейцарияға сапарынан бастады. Ол бірнеше күннен бері Монтре курорттық қаласында демалып жатыр.
06:06, 14 Шілде 2014
Қазақстандық жұлдыздар қайда және қалай демалып жатыр? (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шілденің орта кезінде, яғни жаздың ең қызған шағында қазақстандықтардың көбісі демалыс орындарынан оралып жатса, кейбірі өздерінің еңбек демалысын өткізетін жерлерді жоспарлап жатыр.