НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында әлемдегі үздік 20 теннисшінің қатарына кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жария еткен жаңартылған рейтингте жекелей сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 25-орнында қалды.
Юлия Путинцева 38-ден 39-ға, Зарина Дияс 241-ден 266-ға төмендеді.
Дүниежүзілік рейтингте бұрынғыша Польша өкілі Ига Свентек көш бастаса, эстониялық Анетт Контавейт екінші, грекиялық Мария Саккари үшінші орында келеді.
Жұптық сында Анна Данилина 21-ден 20-сатыға көтерілсе, Елена Рыбакина 91-ден 108-орынға сырғыды.
Ю.Путинцева бүгін Кливленд (АҚШ) WTA 250 турнирінде алғашқы кездесуін рейтингте 67-сатыдағы поляк қызы Магда Линетпен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің халықаралық турнирлерде үздік шыққанын жазған болатынбыз.
Фото: stan.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).