«Ең басты құндылық - бұл кітап. Елбасының бұл туындысы жеке кітапханаларыңыздың төрінен орын алады деп ойлаймын», - деді Б.Жұмабеков қазақстандық журналистерді құттықтау барысында.
«Журналистерде демалыс жоқ. Олар үнемі тынымсыз жұмыс үстінде. Сондықтан еңбектеріңіз ерекше. Халықты мемлекетімізде болып жатқан барлық ақпаратпен хабардар етіп отырасыздар. Сондықтан күрделі еңбектеріңіз үшін алғыс білдіргім келеді, шығармашылық табыстар тілеймін, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!», - деп атап өтті ол. «Времена и думы» кітабында Ұлт көшбасшысы - ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың даналық ойлары мен нақыл сөздері жинақталғанын айта кетейік. Мұның бәрі оның әр жылғы мақалаларынан, кітаптарынан, сөйлеген сөздерінен жинақталды. Олар сан алуан тақырыпты қамтиды. Айтулы тұлғаның философиялық ой-толғамдарынан басқа, мұнда заманауи Қазақстанның тұтас бейнесі мен тарихи көрінісі паш етілген. Нұрсұлтан Назарбаевтың халық жылы қабылдаған бұдан бұрын шыққан жинақтары: «Туған елім - Tipeгiм» (2001), «Өзекжарды ойлар» (2003), «Ой бөлістім халқыммен» (2006), «Мыслями с народом поделюсь» (2007). Оқырмандар ортасында сұранысқа ие болғандықтан, олар библиографиялық сирек туындыға айналды. Сол жинақтардың қисынды жалғасы ретінде шыққан «Времена и думы» кітабы мазмұны жағынан ерекшеленеді: ол 2007-2013 жылдардағы материалдармен шектелмей, өткен нұсқаларға кірмеген ерте жылдардағы ой-толғамдарымен толықтырылған.