Қазақстандықтар 100 тонна мысты Ресейге заңсыз алып өтпек болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан - Ресей шекарасында қазақстандық шекарашылар салмағы 100 тоннаға жуық түсті металды (мыс) заңсыз түрде өткізбек болғандардың жолын кесті. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарланды.

Ақтөбе шекара отрядына қарасты «Жайсаң» өткізу бақылау бекетінің бақылаушылары «Қарағанды - Орынбор» бағытында салмағы 100 тоннаға жуық түсті металл - мыс кесектерін жүк машинасына артып келе жатқан еліміздің 5 азаматын ұстады.

Тексере келгенде жүкті өңдеуге Қазақстан Республикасынан алып өтуге берілетін мемлекеттік лицензиясы болмай шықты. Жүктің алдын ала есептегендегі құны 120 млн. теңгені құрап отыр.

Алдын ала тергеуден кейін аталған жүк Қаржы полициясының Ақтөбе облысы бойынша департаментіне берілді.