Бұл туралы бүгін Астанада табыс және мүліктік декларация заңнамасын жетілдіру тақырыбында өтіп жатқан дөңгелек үстел барысында ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов мәлім етті.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа заң жобасы аясында жеке тұлғалардың міндеттеріне көзделетін бірқатар шаралар ұсынылып отыр. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға активтер мен міндеттемелер және мүліктер туралы ақпараттарды, қолындағы ақша қаражаттары, құны 3 млн. теңгеден немесе 20 мың доллардан асатын немесе айлық орташа жалақыдан 160 есе асатын кредиторлық және дебиторлық борыштар сомасы туралы мағлұматтар беру туралы міндеттер қарастырылады.
«Бұдан бөлек, жеке тұлғалар өздерінің биологиялық активтері жөнінде, өзіне тиесілі мәдени құндылықтары, бағалы заттары, зергерлік бұйымдары және асыл тастар мен асыл металдардан жасалған басқа да бұйымдары, құнды өнер туындылары, антиквариаттары және құны 3 млн. теңгеден немесе 20 мың доллардан асатын басқа да мүліктері туралы мәліметтерді декларацияларында көрсетуге міндетті болады. Ал банк депозиттері мен банктегі кредиттері туралы мәліметтерге келсек, онда жеке тұлғалар тек шет елдердегі банктер бойынша декларациялар ұсынады. Қазақстандық банктердегі ақпараттарды салық органдары келісімшарттар бойынша өздері де ала алады», - дейді Р. Дәленов.
Еске сала кетейік, жеке тұлғаларға арналған жалпылама декларациялауды енгізу 2015 жыл мен 2017 жыл аралығына жоспарланып отыр.