«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін екінші айға арналған әлеуметтік төлем қазақстандықтардың есепшотына бірінші төлем түскен күннен кейін бір айдан соң түседі. Яғни, 42 500 теңге төлемді сәуір айының 11-де алған азаматтар мамыр айының бірінші онкүндігінде екінші төлемге қол жеткізеді» - деп түсіндірді Агенттік тілшісіне ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіндегілер.
Айта кетсек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 4 млн 251 мың әлеуметтік төлем тағайындалды.
Оның ішінде алғашқы айда – 3 млн 731 мың, екінші айда - 520 мың.
Қолданыстағы Қағидаларға сәйкес ТЖ кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда бір адамға МӘСҚ-тан айына 42 500 теңге мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлем келесі санаттарға: – жеке кәсіпкерлерге және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне; – карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне; – мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне; – жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор); – ҚР Салық кодексінің 774-бабына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға; – нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға тағайындалады. 1 және 2-тармақшалар ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне қатысты емес.