Қазақстандықтар 8 наурыз - халықаралық әйелдер мерекесін атап өтті
1910 жылы Копенгагендегі әйел социалистердің халықаралық конференциясында герман және халықаралық жұмысшы қозғалысының қайраткері К. Цеткиннің ұсынысы бойынша наурыздың 8-ін Халықаралық әйелдер күні ретінде атап өту туралы шешім қабылданды.
1914 жылдан кейін көп елдерде нақ осы күн әйелдер мерекесі ретінде аталатын болды.
Бұл күн - әйелдер құқын қорғау және халықаралық бейбітшілік күні. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1975 жылды Халықаралық әйелдер жылы деп жариялап, сол жылғы наурыздың 8-інен бастап Әйелдер құқын қорғау және халықаралық бейбітшілік күнін өткізе бастады.
Қазақстан Республикасында да бұл мерекеге аса мән беріліп, осы күні елорда мен барлық облыстарда мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесуінде еліміздегі барша әйелдерді 8 наурыз - халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. "Әйелдер Тәуелсіздік жылдарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды. 25 жылдағы барлық жетістіктеріміз сіздердің белсене атсалысуларыңыздың арқасында ғана мүмкін болды. Сіздер біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар", - деді Мемлекет басшысы.
«8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні» меркесіне орай қазақстандықтар үшін 3 күн демалыс жарияланды.