Қазақстандықтар АҚШ-тағы дауыл жайлы: Хьюстоннан ұйқы қашты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінге дейін Техастағы дауылдан зардап шеккендердің саны 10 адамға жетіп, Порт Арансас, Порт О'Коннор мен Корпус Крист қалаларының мыңдаған тұрғындары үйлерінен қауіпсіз жерге көшірілген. Табиғат апаты салдарынан он мыңдаған адам баспаналарында жасырынып отыр.

Бұрын хабарланғандай, секундына орта есеппен 60 метр қашықтыққа соққан қатты жел ғимараттардың қабырғаларын құлатып, үйлердің шатырларын ұшырып әкеткен. Мексика шығанағының жағасындағы Корпус Кристи қаласында 200 мыңнан астам адам электр қуатынсыз қалған. Рокпорт қаласындағы 10 мыңдай кісіні қауіпсіз жерге көшіру міндетті болып отыр.

БАҚ-тың ақпаратына сәйкес, кейбір аудандарда судың көтерілу деңгейі 76 см-ге дейін болуы мүмкін. Ұлттық дауыл орталығынан хабарлағандай, дүйсенбі күні дауылдың қарқыны күшейген. Бұл дегеніңіз су тасқынының туындау қаупі арта түседі деген сөз.

Хьюстон қазір түннің құшағында жатса да, үрейленген адамдар ұйықтай алмай отыр. Әсіресе, отандастарымыз Техаста шоғырланғаны белгілі. Қазіргі уақытта қалада тұратын отбасылар мен студенттер өздерінің баспаналарында жатыр. Сабақтар тоқтатылған. Оларға қауіпсіздік үшін үйлерінде қалу туралы кеңес берілген. Қазақстандықтар өзгелермен бірге су тасқынының аяқталуын күтіп отыр. Отандасымыз Бұлбұл Қайратқызы қазақстандықтардың сынақты қалай өткеріп жатқаны туралы әңгімелеп берді.

«Бізде бәрі жақсы. Сіздерге рахмет! Хьюстондамыз. Мен білетін қазақтардың бәрі дін аман. Біз үйде отырмыз, сыртқа шықпаймыз. Әрине, көшеде не болып жатқанын көргіміз келеді, бірақ бұл қауіпті болғандықтан, үйде қалғанымыз абзал», - дейді Бұлбұл.

Оның айтуынша, дүкендерде адамдар азық-түліктерді көптеп сатып алған.

«Дүкендерде сөзсіз ештеңе қалған жоқ. Жұмадан бастап керек-жарақтардың барлығын алып алдық. Су жоқ еді. Түстен кейін Вальмартқа (ең үлкен бөлшек сауда желісіне) барғанымызда онда ұзын-сонар кезек тұр екен. Жаңбырдың астында тұруға тура келді. Құдайға шүкір, су мен интернет бар. Қазақстандағы туыстарым қорқып отыр, анам сағат сайын қоңырау шалады. Су үйіне өтіп кеткен қазақтардың баспаналары бар екен. Бірақ жалпы бәрі жақсы, көбінде үйде қалуға тырысамыз», - дейді ол.

Бойжеткеннің сөзіне сәйкес, ол кейбір киімдерін зардап шеккендерге үлестірген. «Аз да болсын көмек қолын созуға тырысамыз» дейді ол.

Бірнеше күн бұрын мемлекет басшысы Дональд Трамп Техастағы тропикалық Харви дауылына байланысты табиғи апаттық режимді жариялады. АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, соңғы 12 жылда Құрама Штаттардағы мұндай дауыл болмаған. Жауған жаңбырдың мөлшері де соңғы 40 жылда тіркелмепті. Мұндай табиғи құбылыс 1978 жылы Техаста болған екен.