Қазақстандықтар арасында өз ісін ашуға деген құлшыныс арта түсуде - П.Коктышев
«Мен бұл бизнесте 2008 жылдан бері еңбек етіп келемін. 2013 жылы біз жас кәсіпкерлермен бірге «Жас кәсіпкерлер клубын» құрдық. Соның негізінде жас кәсіпкерлермен де, тәжірибелі кәсіпкерлермен де жұмыс істедік. Біздің венчурлық қор әзірге жергілікті қор болып саналады және инвестиция жұмсауға активіміздегі қаржы бір миллион доллардан аспайды. Бірақ біздің 1,5 мың шаршы метрлік кеңістікті алып жатқан бизнес-инкубаторымыз бар. Біз әрі, консультациялық қызмет көрсетеміз», - деді П.Коктышев.
Сонымен қатар ол қазақстандықтар арасында өз ісін ашуға деген құлшыныстың арта түскендігін білдірді. Оның айтуынша, елімізде стандартты, яғни инфрақұрылымы дайын бизнестермен қатар, инновациялық бизнес - электронды коммерциялар, digital нарықтар дамып жатыр.
«Бұл нарықтың дамуын болжау өте қиын. Бұған сараптамалар, тәжірибелер керек. Бұл жерде жаңа идеяларды негізінен жастар ұсынады. Ал олардың тәжірибесі аз, жинаған капиталдары, жылжымайтын мүліктері жоқ. Сондықтан мұндай жағдайда оларға көмекке біз келеміз. Қазақстан нарығында біз әр түрлі халықаралық форматтарды жүзеге асыруға күш салып жатырмыз», -деді П.Коктышев.
Ол сонымен қатар инвесторлардың екі беймәлімділікке ешқашан да инвестиция жұмсамайтындығын жеткізді. Инвесторлар не белгілі нарықтағы беймәлім өнімдерге немесе беймілім нарықтағы белгілі өнімдерге инвестиция жұмсайды. «Жобаларға біздің инвестиция жұмсау дәлізіміз - 50-200 мың АҚШ долларын ғана құрайды. Әрі қарай басқа деңгейдегі қорлар көмектеседі. Біздің мақатымыз - жаңадан бастап келе жатқан бизнестің аяғынан тұрып кетуіне қолдау көрсету. Біздің екі көмектесу құралымыз бар. Олардың бірі - қор бөлетін қаржы және екінші - бизнес қоғамдастығы. Оларға біз жобаларды таңдап береміз. Ал олар қосымша инвестиция жұмсайды. Бұл бірлестірілген мәмілелер. Біз компания активінің тек аз ғана бөлігін ғана сатып алуға тырысамыз. Ал егер инвесторлар құрылтайшының үлесінің көп бөлігін сатып алар болса, оның істі әрі қарай жалғастыруға деген ынтасы жоғалады. Сондықтан біздің үлесіміз 20 пайыздан аспайды», - деді қордың тең құрылтайшысы.
Ол сонымен қатар жаңадан бастап келе жатқан кәсіпкерлерге тек қаржылай ғана емес, басқа да жолдармен көмек көрсетілетіндігін айтты.
«Біз алдымен 200-ге жуық өтінімді қарап шығып, солардың ішінен 25 үздік кәсіпкерді таңдап алып, оларды тегін оқытамыз және ақыл-кеңестер береміз. Бизнес-инкубаторда жұмыс орнын ұсынамыз. Ақыр соңында 2-3 жобаға ғана инвестиция жұмсалады» - деді ол.
Айта кетелік, Алматыда «Echelon Central Asia-2015» деп аталатын екі күндік конференция өтіп жатыр. Онда венчурлық қорлар мен Оңтүстік Шығыс Азия аймағының акселераторлары инвестиция жұмсалатын жобаларды қарастырады.