Қазақстандықтар Бүкіләлемдік жазғы полоний ойындарынан 11 медаль әкелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық ерікті спортшылар өз тарихында тұңғыш рет Польша мемлекетінің Торун қаласында өткен XVIII Бүкіләлемдік полоний ойындарында өнер көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Полоний ойындары дегеніміз - Польша Президенті Анджей Дуданың патронаттығымен кәсіби емес спортшылардың арасында өткізілетін сайыс. Торунда бәсекенің 25 түрі бойынша 32 мемлекет қатысты. Оған Астана мен Алматы қаласынан барған 17 адам Қазақстанның атынан бар

«Қазақстан бірінші рет Бүкіләлемдік полоний ойындарына қатысып отыр. Мұндай форматтағы сайыс туралы бірнеше жыл бұрын естіген едік. 2006 жылдың ақпан айында Арламува қаласында өткізілген Бүкіләлемдік қысқы полоний ойындарына команда әкелген болатынбыз. Ол кезде 12 адамның ішінен біздің елдегілер 9 медаль ұтып алған. Сол кезде жазғы жарыста да бағымызды сынап көруге бел байлап едік. Кез келген адамға полоний ойындарына қатысуға болады. Биыл демеуші табылмағандықтан, сайысқа қажетті құралдар мен жол ақысын қатысушылар өз қалтасынан шығарды. Ал Польшадағы шығынның бәрін ұйымдастырушы «Вспульнота Польска» көтеріп алды», - деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне қазақстандық команданың көшбасшысы, Астана қаласының «Polska Jedność» ұйымының жетекшісі Наталья Кулакова-Загоровская.

Бәсекеде ең көп медаль алған мемлекеттердің үштігін Чехия, Литва мен Беларусь елдері құраған. Қазақстан өз кезегінде 11 медальға ие болды. Үш алтын медальды жүзу бойынша Анатолий Кулаков пен Елена Попова, эргометриядан Мария Кулакова әкелсе, жалғыз «күмісті» велоспорттан Андрей Клочко Қазақстан қоржынына салған.  

«Алғашқы ондыққа ене алмай қалсақ та еңсеміз жоғары. 2018 жыл өтетін қысқы полоний ойындарына қатысуды жоспарлап отырмыз. Алған әсеріміз мол. Ойындар сөз жоқ, жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Спорттың дамуын Польшада өз еліміздегідей талқыға салып, серіктестік орнатуға қол жеткіздік», - дейді Н. Кулакова-Загоровская.

Айта кетерлігі, Бүкіләлемдік полоний ойындары 1934 жылдан бері әр екі жыл сайын өткізіліп келе жатыр. Оған негізінен әр елде өмір сүріп жатқан поляктар қатысады. Шараның мақсаты - польшалық бірлестіктің интеграциясы. 2000 жылдан бері негізгі ұйымдастырушы - үкіметтік емес «Wspólnota Polska» ұйымы.