Қазақстандықтар денсаулықтарын жиі сақтандыратын болған
11:08, 04 Маусым 2018
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларында ауырған жағдайда ерікті жеке медициналық сақтандыру сегментінде жиналған сыйлықақылардың көлемі 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,7%, яғни 12,8 млрд теңгеге дейін артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Ауырған жағдайда ерікті жеке медициналық сақтандыру сегментінде жиналған сыйлықақылардың көлемі есептік кезеңде жалпы жиналған сыйлықақылар көлемінің 9,2 процентін құрайды.
Жалпы, бір жылда осы сектордағы төлемдер көлемі 5,9 процентке (5,9 млрд теңге) қысқарып, ерікті сақтандыру бойынша төлемдердің 53,8 процентін және жалпы сақтандыру нарығындағы төлемдердің 20,7 процент құрады.