Қазақстандықтар электрондық ақша жүйелері арқылы 443,5 млрд теңге аударған
2019 жылғы тоғыз айда электрондық ақша жүйелерінің эмитенттері 436,4 млрд теңге сомаға электрондық ақша шығарды, бұл өткен жылғы деректерден 13,5% асады.
«Қазақстанның электрондық ақша жүйелері арқылы 443,5 млрд теңге сомаға 117 млн транзакция жасалды. 2018 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда жүргізілген операциялар саны 25% артты. Бұл көрсеткіштерге жеке тұлғалар арасындағы аударым операциялары және заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің пайдасына тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу кіреді», - деп хабарлады ҚР Ұлттық банкі Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.
Қазақстан нарығында 22 электрондық ақша жүйесі жұмыс істейді. Олардың эмитенттері 10 банк пен «Қазпошта» АҚ болып табылады. 2019 жылы 5 жаңа электрондық ақша жүйесі жұмыс істей бастады: «Senim», «AlmaPay», «Onay Pay», «Onе Click» және «ҚАЗЕВРОМОБАЙЛ».
Қазақстанда электрондық ақша интернет-коммерцияға, коммуналдық қызметтерге, ұялы байланысқа, кредиттер өтеуге және тағы басқасына ақы төлеу үшін пайдаланылады.