Қазақстандықтар қандай қызметтерге жиі шағымданады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Отандық тұтынушылардан түсетін шағым саны артып отыр. Өткен жылы тұтынушылардан 50 мыңға жуық өтініш түкен. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұтынушылар құқығы бұзылғаны туралы шағымдар жыл сайын 20%-ға өседі. Өткен жылы біздің министрлік 30,2 мыңнан астам өтінішті қарады. Осындай жағдай өзге мемлекеттік органдар бойынша да байқалды. Өткен жылы тұтынушылардан 50 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Шағымдар көбіне бөлшек сауда (48%), тұрмыстық қызметтер (19%), электронды сауда (9%) және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы қызметтеріне (5,6%) қатысты», - деді Асқар Тынысбеков орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет басшысының айтуынша, тұтынушылар тарапынан қоғамдық тамақтану, көлік, медицина және байланыс қызметтері бойынша арыз-шағым саны азаймай тұр.

«Тұтынушылар шағымының саны істің нақты жай-күйін көрсетпейтінін түсіну керек. Өйткені, құқығы мен заңды мүдделері бұзылған барлық азамат мемлекеттік органдарға жүгіне бермейді. Оны әлеуметтік сауалнама нәтижесі растап отыр», - дейді ол.