Қазақстандықтар қандай жағдайда құжаттағы тегін өзгерте алады
Әділет министрлігінің өкілі хабарлағандай, мынандай 13 себеп болса, адам құжаттағы тегін ауыстыра алады екен:
1) аты, әкесiнiң аты, тегi оғаш естiлсе;
2) атын, әкесiнiң атын, тегiн айту тілге қиын болса;
3) егер некені мемлекеттік тіркеу кезінде некеге дейiнгі тектерінде қалса, жұбайымен ортақ текте болғысы келген жұбайдың тілегі;
4) егер неке бұзылған кезде бұл туралы мәлімделмесе, некеге дейiнгi тегiн алғысы келсе;
5) бұрынғы некеден туған балаларымен ортақ текте болғысы келсе;
6) жұбайы қайтыс болған жағдайда некеге дейiнгi тегiн алғысы келсе;
7) жұбайы қайтыс болған жағдайда өтiнiш берушi некеге дейiнгi тегiнде болғанда, балаларымен ортақ текте болғысы келсе;
8) өтініш беруші таңдаған ата-аналарының бірінің ұлтына (ата-аналарының ұлты әртүрлі болған кезде) сәйкес келетін атты және (немесе) текті алғысы келсе;
9) құжаттардағы атынан өзгеше, өмірде нақты қалыптасқан атын алғысы келсе;
10) егер некеге отырған (ерлі-зайыпты болған) кезде жұбайының тегі қабылданса, некеге дейінгі тегін алғысы келсе;
11) ұлттық дәстүрлерге байланысты әкесiнiң немесе атасының аты бойынша тек алғысы келсе;
12) өтініш берушіні іс жүзінде тәрбиелеген адамның тегі мен аты бойынша текті және әкесінің атын алғысы келсе;
13) жынысын хирургиялық жолмен өзгерткен кезде таңдаған жынысқа сәйкес келетін атты, әкесінің атын, текті алғысы келсе қазақстандықтар заң бойынша тектерін ауыстыра алады.
Бұл шарттар «Неке және отбасы» туралы кодекстің 257-бабында толығымен жазылған.