Қазақстандықтар қара құрлықтағы Эболла безгегімен күреске аттануға ниетті - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 18 қазан, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, оларды облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен, салалық бағдарламалардың және Елбасы тапсырмаларының орындалу барысымен таныстырды. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Әлеуметтік салаға үлкен бетбұрыс бар» деген тақырыппен берілді. Басылымның жазуынша, өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісі 32,4 миллиард теңгені құраған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 1 триллион 587 миллиард теңге бөлінген. Инвестициялар көлемі 783,2 миллиард теңге болған. 333,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Орташа айлық еңбекақы көлемі 220,8 теңгеге жетіп, өткен жылғыдан 17,8 пайызға артқан. Инфляцияның деңгейі 5,5 пайызды құраса, облыс бюджетіне 199,9 миллиард теңге қаржы түскен. «Осы ретте, әкімге Атырау облысынан жалпы бюджетке түсетін қаржы көлемі сұралды. Оның айтуынша, мұнайдан түсетін қаржының барлығы Ұлттық қор мен республикалық бюджетке аударылады екен. Деректер кітапшасында бұл жайында Ұлттық қорға 1 триллион 320,6 миллиард теңгенің аударылғандығы, мемлекеттік бюджетке 462,6 миллиард теңге сомасында төлемдер мен салықтар жиналып, оның 356,3 миллиард теңгесі республикалық бюджетке аударылғандығы келтіріліпті», - деп жазады басылым.

«Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде қазақстандық қоғамның рухани және мәдени дамуына арналған брифинг жалғасын тапты. Бұл жолы Сенат депутаты, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитет хатшысы Сәрсенбай Еңсегенов қоғамға маңызды деген бірқатар мәселелерді ортаға салды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Рухани және мәдени даму - өркениет өлшемдерінің бірі » деген тақырыптағы мақаласында. С.Еңсегеновтің атап өтуінше, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сұхбатты Ұлытау жеріне арнайы барып беруінде үлкен мән-мағына бар. «»Ұлытау - еліміздің кіндік ортасы ғана емес, әрі қазақтың қасиетті жері де. Елбасының ой-тұжырымдары ата-бабаларымыз рухының бүгінгі күнгі өмір сүріп жатқан жастарға рух қосып, олардың патриоттық сана-сезімдерін арттыруға беретін адами-психологиялық тұрғыдан да өте ұтымды шара. Ұлытауда өткен кездесудің барысында Президент тарихымызды терең зерттеп, білу қажет екенімізді атап көрсетті. «Өз халқының тарихын, салт-дәстүрі мен тілін білмеген елдің болашағы бұлыңғыр», деген сөзді айтуы да сондықтан», - деді сенатор.

***

«Қазақстанның бірқатар дәрігерлері Экваторалды Африкадағы бейбітшілікті құтқару үшін аттануға ниет танытып отыр», - деп жазады «Экспресс К» газеті сенбілік санындағы «Где у вас эболит» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Африкаға аттану үшін халықаралық ұйымның базасына тіркелу қажет. Бұған қоса, дәрігер болу міндетті де емес. Мәселен, БҰҰ-ға ерікті ретінде тіркелуге болады. БҰҰ еріктілерінің шамамен 40 пайызы қара құрлықта жұмыс істейді.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, еліміздің үкіметтік емес ұйымдары өз жұмыстарының ұстанымдарын өзгертпек. Басылымның жазуынша, бұл жайында елордада өткен халықаралық конференцияда белгілі болған. Алқалы жиында ҮЕҰ қызметтеріне қатысты барлық мәселелер егжей-тегжейлі талқыға түскен. Конференция қатысқан сарапшылар қайырымдылық және меценаттық қызметті дамыту саласындағы тәжірибелерін ортағы салып, аталған бағытты Қазақстанда дамытудың проблемалары және перспективаларына қатысты ой бөліскен.