Қазақстандықтар көбіне теңгемен депозит ашуды таңдай бастады - ҚР Ұлттық Банкі
12:41, 16 Наурыз 2016
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар көбіне теңгемен депозит ашуды таңдай бастады. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Данияр Ақышев Ақтөбе қаласына жұмыс сапары барысында айтты.
«Ақпанның қорытындысы бойынша, ұлттық валютадағы депозиттер 300 млрд теңгеге өскен. 2016 жылғы наурызда халықтың теңгедегі депозиттерінің өсуі бұдан жоғары болады деп күтеміз», - деді Д.Ақышев.
Оның айтуынша, депозиттердің валюталық құрылымын өзгерту таяу болашақта теңгемен несиелеудің көлемін арттырады.
Айта кету керек, Ұлттық Банк 1 ақпаннан бастап ұлттық валютамен жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақының ең жоғары мөлшерлемесін 10%-дан 14%-ға дейін көтеріп, ал шетел валютасымен депозиттер бойынша 3%-дан 2%-ға дейін төмендетті.