Қазақстандықтар көшпелілер ойындарында тағы екі «қола» жеңіп алды (ФОТО)

ШОЛПАН АТА. ҚазАқпарат - Қазақстанның екі өкілі Бүкіләлемдік көшпелілер ойындарында «эр-эниш» сайысында (қазақтың «аударыспақ» ойыны тәріздес) қола марапаттарға қол жеткізді.

80 келіге дейінгі салмақта 22 жастағы ҚР спорт шебері Түйменбек Жұмалиев (Шымкент) үшінші орынға ие болды. 80 келіден астам салмақ санатында сондай-ақ Ақмола облысының 38 жастағы тұрғыны, ҚР спорт шебері, аударыспақтан Қазақстанның екі дүркін чемпионы Марат Нұрпейісов «қола» марапатты жеңіп алды.

Қырғызстан өкілдері аталған екі салмақ санатында да бірінші және екінші орындарға ие болды.

Турнирге 7 елдің спортшылары (Әзербайжан, Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстан) қатысты.

Жартылай финалдық кездесулерде Ауғанстан спорт делегациясының басшылары қырғыз және ауған атлеттерінің сайысына төрелік еткен төрешілер бригадасына қарсылық білдірді. Ауғандық спортшылар одан әрі турнирге қатысудан бас тартты.

Спортшыларды марапаттау салтанатына ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко қатысты.

Ертең Бүкіләлемдік көшпелілер ойындарының қорытынды күні атшабарда «Құнан шабыс», «Жорға жарыс» және «Аламан бәйге» бойынша ат жарыстары өтеді, оған қазақстандық спортшылар да қатысады.