Қазақстандықтар мемлекеттік көмекқаржыға ХҚКО арқылы өтінім бере алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қазақстанда заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар ауыл шаруашылығы саласы бойынша берілетін мемлекеттік көмекқаржыны Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы рәсімдей алады. Бұл туралы бүгін «Халыққа қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының баспасөз қызметінен хабарлады.

Егер бұрын бұл қызметтерді рәсімдеу үшін сол қызметті көрсетуші ұйымның кеңсесіне жүгіну қажет болатын. Ал қазір, бұл қызметтер Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қолжетімді болып отыр. Олардың үшеуін тіпті электронды үкіметтің интернет порталы арқылы рәсімдеуге болады.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары мемлекеттік қаражаттандыру бойынша қажетті құжаттарды өздерінің әдеттегі жұмыс уақыттары бойынша - яғни, аптасына 6 күн, үзіліссіз таңғы сағат 09:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін қабылдайды.

«Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы мемлекеттік қаражаттандыру бойынша көрсетілетін қызметтердің 8 түрін алуға болады. Олардың ішінде - ауыл шаруашылығы өндірушілеріне су жеткізу бойынша көрсетілетін қызметтердің бағасын, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге арналған гербицидтер мен биопрепараттардың бағасын, асыл тұқымды жануарларды өсіру, жеміс-жидек дақылдары және жүзімді өсіру шығындарын, тұқым шаруашылығын дамыту шығындарын, тыңайтқыштар бағасын, ауыл шаруашылығы дақылдарын күтіп-баптау, сондай-ақ, өсімдік шаруашылығын дамыту мен өнімдердің сапасын арттыруға кеткен шығындарды қаражаттандыру бойынша көрсетілетін қызметтер», - деді өз сөзінде «Халыққа Қызмет Көрсету Орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Әсемгүл Балташева.

Мемлекеттік қызметтердің көрсетілу мерзімі күрделілігіне қарай 6 күннен 41 күнге дейінгі уақытты алады.

Алайда, құжаттарды тапсыру күні есепке алынбайды.

Қажетті құжаттар туралы ақпаратты электронды үкіметтің con.gov.kz деп аталатын ресми сайты арқылы немесе тегін түрде «1414» нөмірі арқылы хабарласып білуге болады. Қаражаттындыру бойынша көрсетілетін қызметтер тегін.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылғалы бері оларда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің саны бүгінде 212-ге жетті. Ал бизнес-үдерістерді оңтайландыру - көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алуға арналған құжаттардың санын азайтуға, рәсімдеу және күту уақытын қысқартуға мүмкіндік берді.

Бүгінде елімізде 270 Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді.