Жарысқа барлық құрлықтан 15 елден 66 спортшы қатысты. ММА-дан ұлттық құрамамыз сегіз салмақ санатында тоғыз палуаннан құралды.
Чемпионаттың алғашқы жарыс күні - екі жеңіс, бір жеңіліс нәтижесімен өтті. Чехиялық Якуб Тичётаға қарсы жекпе-жекте атыраулық Жахар Шапхатов өз әлеуетін көрсете алмай, судьялардың бірауызды шешімімен жеңіліп қалды. Екінші жекпе-жекте алматылық Жан Кенжебаев судьялардың бірауызды шешімімен малайзиялық Джэйс Лоудан басым түсті. Қазақстан құрамасының қанжығасына екінші жеңісті елордалық палуан Мейрамбек Демеубаев әкелді. Ол шведтік Дэниэл Карлсонды мерзімінен бұрын, техникалық нокаутпен аяқтады.
Жарыстың екінші күні ұлттық құрама үшін сәтті болды. Қазақстандық спортшылар барлық бес жекпе-жекте жеңіс тұғырынан көрінді.
Екінші күні астаналық палуан Ерназ Мұсабек жеңіске жетті. Ол бірінші раундты айқастың отызыншы секундында аяқтап, үндістандық спортшы Сиддик Бин Махмудты жықты.
Атыраулық палуан Олжас Молдағалиев судьялардың бірауызды шешімімен австралиялық Жан Александр Романодан басым түсті. ОҚО-дан Бекзат Жаси жапондық Катсуоки Аоягиге мықтылығын көрсетті. Жеңістер сериясын бірінші раундтың екінші минутында тұншықтыру тәсілімен ливандық Эли Згейбті жеңген Джохар Таймұсханов жалғастырды. Жан Кенжебаевтың чехиялық Дарек Дусилге қарсы жекпе-жегі де қазақстандықтың пайдасына шешілді.
Екі күннің қорытындысы бойынша қазақстандық 9 палуанның 8-і жартылай финалға шықты. Ол 15 маусымда өтеді.