АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Аружан Сағындықова мен Жанель Рүстемова Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласында өтіп жатқан ITF World Tennis Tour W15 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық жұп ширек финалда ресейліктер Елизавета Машна – Елизавета Морозованы тізе бүктірді.
Бірінші партияда ресейліктер 6:3 есебімен басым түсті. Екінші сетте де олар 4:1 есебімен алда тұрды. Міне, осы сәтте Жанель мен Аружан ойын тізгінін өз қолдарына ала білді. Олар қатарынан бес геймді өз есептеріне жазды – 6:4. Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:6.
Жекелей сында Жанель Рүстемова франциялық Наеа Берекоэчеяға жол берді – 1:6, 7:6 (7:3), 2:6. Дүниежүзілік рейтингте 832-орында тұрған франциялық теннисші Рүстемованы жеңу үшін 3 сағатқа жуық уақытын жұмсады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Мысырдағы турнирде өзара кездескенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).