Іс-шара алғаш рет ҚР Қаржы министрлігі Шекаралық бақылау комитеті Кинологиялық орталығының базасында командалық және жеке біріншілікте өткізілді, деп хабарлайды ҰҚК Шекаралық қызметінің баспасөз қызметі.
Чемпионатқа өздерінің төрт аяқты серіктерімен бірге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан елдерінің мамандары қатысты.
Әр қатысушы мемлекеттен екі жұп ұсынылды. Бұл сайысқа жауынгер-шекарашылар да белсенді қатысты. Жеңіс үшін күресте бес кезеңнен өту керек болды, жалпы есеп бойынша командалық біріншілікте қазақстандық кинологтар 568 ұпай жинап, бірінші орынды иеленді. Екінші орынды 550 ұпай жинаған Қырғызстан алса, Түрікменстан елінің кинолог мамандары 493 ұпай жинап, үшінші орынды қанағат тұтты.
Жекелей сында жауынгер-шекарашы прапорщик Бақытжан Мырзахметов пен оның төрт аяқты досы үшінші орын алды.
Кездесу мен өз саласында үздік болу құқығы үшін адал күреспен өткен бұл сайыс өзара ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, қатысушылардың бір-бірімен ақпарат пен тәжірибе алмасуларына мүмкіндік берді.