Қазақстандықтар отбасы мен балалар туралы не ойлайды - сауалнама

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты қазақстандықтар арасында отбасы және балалар туралы жүргізілген сауалнама қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

18 және одан жоғары жастағы қазақстандықтардың әлеуметтанушылық сауалнамасының нәтижелеріне сәйкес респонденттердің 82,3%-ы отбасылы адам, яғни олар жұбайымен бірге тұрады немесе бұрын тұрған.

Тиісінше, үйленбеген және бойдақ респонденттердің үлесі 17,7%-ды құрады. Елімізде сауалнама алынғандардың 76,6%-ы ата-аналар болып табылады, бұл ретте 58,7%-ында кәмелетке толмаған балалары бар, ал респонденттердің 17,9%-ында балалары кәмелетке толған. Көбінесе отбасында 2 кәмелетке толмаған бала барлар басым (36,9%). Шамамен әрбір төртінші отбасында 16 жасқа дейінгі бір бала немесе осындай үш бала бар. Респонденттердің 12,8%-ында 4 және одан да көп баласы бар, яғни көп балалы отбасылар.

Сауалнама барысында қазақстандықтарға: «Сіз өмірде бақытты отбасын құрып, жақсы балаларды тәрбиелей алдыңыз ба?» деген сұрақ қойылды.

Респонденттердің басым көпшілігі бұл сұраққа оң жауаптар берді. Қатысушылардың 91,8%-ы бақытты отбасы туралы оң көзқарас танытты. Сонымен қатар, олардың 67,7%-ы бақытты отбасын құрып үлгерді және респонденттердің 24,1%-ы бақытты отбасы құра алатынына сенімді. Сауалнамаға қатысқандардың 92,7%-ы жақсы балаларды тәрбиелеуге оң көзқараспен қарайды. Респонденттердің 61,0%-ның пікірінше, олар жақсы балаларды тәрбиелей алды. Тағы 31,7% өз балаларын жақсы тәрбиелей алатынына сенімді.