Қазақстандықтар шет елге шыққанда көлігін қалай сақтандыра алады

АСТАНА. ҚазАқпарат -  ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов Парламент Мәжілісінде сақтандыру қызметі бойынша таныстырған заң жобасы арқылы шет елге шығатын қазақстандықтар автокөліктерін қалай сақтандыра алатынын айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Айта кетсек, Жанат Құрманов Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған болатын. Парламент Мәжілісінің депутаттарымен аталған заң жобасын талқылау барысында депутаттар қазақстандықтардың шет елге шыққанда автокөліктерінің сақтандыру полисінің күші болмайтынын, осы себепті мәселе туындап жататынына алаңдаушылық білдірді.

Бұл мәселенің шешудің Жанат Құрмановтың айтуынша үш жолы бар.

«Траншекаралық сақтандыру деген біздің көршілес елдермен интеграцияға түсу аясында сақтандыру компаниялары үшін өте маңызды мәселе. Бір ғана Ресеймен 7 мың шақырымда шектесіп жатырмыз. Бұл тұрғыда бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ең бірінші кезекте, біз Қазақстанға «жасыл карта» жобасына қатысу керек пе жоқ па деген мәселеге қатысты сараптама жүргіздік. Демек, «жасыл картаға» енген мемлекеттің азаматтары (ол картада Ресей мен Беларусь елдері, Еуропа мемлекеттері бар) қосымша сақтандыруға мұқтаж болмайды. Қазақстан «жасыл картаға» енсе, онда біздің азаматтардың көліктерінің сақтандыру полисі аталған елдерде күшін жоймайды. Сондықтан, бұл мәселені талқылап  жатырмыз», - дейді ол.

Жанат Құрмановтың айтуынша, мәселені шешудің екінші жолы ЕАЭО аясында сақтандыру ұйымдары полистерінің осы одаққа кіретін елдерде ортақ мойындалуы туралы келісімге қол жеткізу.

«Демек, егер біздің елдегі клиент Қазақстанда сақтандыру туралы келісімге келсе, бұл полистің Ресейде де күші бар болады. Үшіншіден осы заң жобасы аясында мен сіздерге таныстырған онлайн-сақтандыру жүйесі. Демек, егер қазақстандық азамат шет елге шықпай тұрып, онлайн-сақтандыруды сатып алса, онда бұл сұрақтар шешіледі. Меніңше, шет елге шығатын азаматтарға осы жүйе тиімді. Себебі мұндай жолды біздің заңнамамен үйлестіру қажеттілігі туындамайды. Егер сақтандыру полистерінің мойындалуы жолын таңдасақ, Қазақстандағы және Ресейдегі сақтандыру компанияларының шарттары, бағалары әртүрлі екенін ескеруіміз керек. Сондықтан онлайн-сақтандыру жолы әлдеқайда тиімді дер едім»,- дейді Жанат Құрманов.