Бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында сенатор Людмила Полторабатько осылай мәлім етті. Еске салайық, комитетте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
«Заң жобасындағы басты жаңалықтардың бірі еліміздің ішінде ғана бір рет тіркеліп, «патент» ұғымын иеленген инновациялық патентті қайта тіркеуден өткізуді алып тастау көзделеді. Яғни, азаматтар ендігі күні патенттерін тек біздің елімізде ғана емес, шет елдерде де тіркей алатын мүмкіндікке ие. Осыған байланысты, шет елдердегі тіркелген патенттердің енді біздің елімізде де күші бар болады», - деді Л. Полторабатько.
Бұдан бөлек, заң жобасының мақсаты тіркеу рәсімін оңайлату және құқықтық олқылықтарды жою, сондай-ақ зияткерлік меншік саласында әкімшілік кедергі келтіретін нормаларды алып тастау болып табылады. Мәселен, авторлық құқық саласында енгізілетін түзетулер ұжымдық ұйымдардың қызметін нақтылауға бағытталады. Бұл ретте қолданыстағы заңнамада ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымдардың (ұжымдық ұйымдар) авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілерін пайдаланғаны үшін авторлық сыйақыны жинау, бөлу және төлеу бойынша міндеті белгіленген.
Сонымен қатар заң жобасы бойынша ұжымдық ұйымдар тарапынан асыра пайдалануды жою шаралары көзделеді. Мәселен, ұйымның сыйақыны жинау, бөлу және төлеу бойынша өзінің нақты шығыстарын өтеуге жиналған сыйақыдан ұсталатын соманың шекті пайызын белгілеу ұсынылады. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, оны жиналған сыйақы сомасының 30 пайызынан аспайтын мөлшерінде белгілеу ұсынылып отыр.
Заң жобасы алдағы уақытта өтетін палатаның жалпы отырысына шығарылады.