Қазақстандықтар сүттің 35 пайызын шетелден тасып тұтынуда

АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар тұтынатын сүттің 35 пайызы шетелден келеді.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 2013-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібінің өнімін қайта өңдеуді дамыту бойынша іс-шаралардың кешенді жоспарын таныстырған ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Өміряев мәлім етті.

Оның алға тартқан деректеріне қарағанда, 2012 жылы елімізде 4,8 млн. тонна сүт өндірілсе, оның 85 пайызы жеке қосалқы шаруа қожалықтарының үлесіне тиесілі. Бұл ретте өндірістің жалпы көлеміндегі қайта өңдеу үлесі 35 пайызды не болмаса 1,68 млн. тонна сүтті құрайды.

«Экспорт көлемі 22 мың, ал импорт 903 мың тоннаны құрайды. Ішкі тұтыну көлемі - 2,5 млн. тонна. Ішкі тұтынудағы отандық өндірістің үлесі 65 пайызға тең, ал қалған 35 пайызы импортталады. Осылайша, сүтті қайта өңдеуде өндірісті арттыру әрі импортты ығыстыру үшін зор әлеует бар»,- деді ол.

Осы ретте вице-министр аталған саладағы кемшіліктер қатарында шикізат сүттің жеткіліксіздігін, құрал-жабдықтардың тозу үлесінің жоғарылығын, айналым қаражаттың жоқтығын атап өтті.