Қазақстандықтар тамаққа көп қаржы жұмсайтын болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық отбасылар тамаққа көп қаржы жұмсайтын болған, жалпы тұтыну шығынының 46%-ы азық-түлікке кетеді. Сондай-ақ, қазақстандық кедейлер тамақты аз тұтынса, байлар керсінше көп пайдаланатын болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат www.ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

Агенттіктің таратқан мәліметтеріне қарағанда, Қазақстандық отбасылардың тамаққа жұмсалатын шығыны күн санап артып келеді. 2017 жылғы I тоқсан қорытындысы бойынша үй шаруашылығындағы жалпы тұтыну шығынында азық-түлікті сатып алуға жұмсалған қаржының үлесі 45,9%-ды құрап, соңғы 5 жыл ішінде ең жоғары межеге жетті. Айта кетейік, бұл көрсеткіш өткен жылдың қаңтар-наурыз айларында 44,4% деңгейінде болған еді.

Қазақстандықтар ет және ет өнімдеріне көп қаржы жұмсайды екен. Мәселен, 2016 жылғы 1 тоқсанында тұтынушылық бюджеттің 14,6%-ы осыған кетсе, биыл оның үлесі 15,3%-ға өскен.

Сонымен қатар, нан мен жарма өнімдеріне - 7,4% қаражат жұмсалатыны белгілі болды, бұл көрсеткіш өткен жылы 7,1%-ті құраған. Нан мен жарманы тұтыну бір жылдың ішінде 0,7%-ке өскен.

Жалпы бағның бағаның өсуі салдарынан көкөністерге де жұмсалатын қаражатты ұлғайтқан. 2017 жылғы І тоқсаны ішінде тұтыну шығыны 3,4%-і кеткен, бұл өткен жылдың дәл осы кезеңінде 3,1%-і құраған.

Сонымен қатар, көкөністерді тұтыну бірден 3,7%-ке түсіп кетіп, адам басына 19,1 келіге жеткен.

Қазақстандықтар балық және теңіз өнімдерін сатып алуға аз қаржы жұмсайтын болған (өткен жылы 1,65%, биыл 1,5%) - ҚР тұрғындары аталмыш өнімді 4,6%-ке аз пайдаланады.

Бағаның өсуі мен нақты табыстың қысқаруы салдарынан халықтың аз қамтылған бөлігі тамақ ішуді шектеуге мәжбүр.