Қазақстандықтар тұрғын-үй құрылысына қатысып, баспана бағасын төмендете алады - Жалпыға ортақ еңбек коалициясы

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Жалпыға ортақ еңбек коалициясы «Бақытты отбасы» бастамасын көтеріп отыр.

Оның аясында қазақстандықтарға тұрғын-үйдің құрылысына қатысып, баспананы төмендетілген бағамен сатып алуға мүмкіндік берілуі тиіс.

Бүгінде коалиция мүшелері Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке ұсыныс жасап, жобаны іске асыруға қажетті жер телімінің қажеттігін жеткізді.

«Бұл бастаманың мәнісі мынада: әрбір қазақстандық азамат пәтер алатын тұрғын-үйдің құрылысына өзі қатысып, ол аяқталғаннан кейін арзандатылған бағамен сатып ала алады. Мәселен, 100 сағат еңбек еткен адам үшін толық біткен пәтердің бағасын 1500-1600 доллардан 1200 долларға дейін төмендетуге болады», - дейді  Жалпыға ортақ еңбек коалициясының өкілі Айжан Өтеуова.