Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында айтты.
«Бүгінде құрылыс саласында 46 476 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде құрылыс материалдары өндірісінде 2 472 кәсіпорын бар. Жұмыспен қамтылғандар – 641 мың жұмыскер мен маман.
Біз жұмыс орындарын сақтау және ұлғайту жөніндегі саясатты одан әрі жалғастырамыз», - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол тұрғын үйдің қымбаттауына жол бермеу бағытындағы шараларға тоқталды.
Айтуынша, министрлік сол үшін үш бағытта жұмыс жүргізіп жатыр:
Біріншісі - құрылыс саласын цифрландыру.
Екіншісі - баға белгілеу жүйесін жетілдіру және құрылыстағы бақылауды күшейту.
Үшіншісі - құрылыс материалдары өндірісін дамыту.
«Құрылыс саласын цифрландыру бойынша «Ақпараттық модельдердің мемлекеттік банкі» енгізіліп жатыр. Ол құрылыс объектілерін онлайн форматта, оның ішінде ақпараттық модельдеу технологияларын (BIM-технологиялар) қолдана отырып модельдеуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде «Е-Құрылыс» жүйесі онлайн-режимде қазаншұңқыр қазудан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңдегі құрылыс процесін бақылауға мүмкіндік береді», - деді министр.