«Айта кету керек, заң жобасы әлеуметтік-еңбек саласындағы 36 мемлекеттік қызметтің 16-сын өзгертуге негізделген. Осы жобада біз азаматтардың ХҚКО-ына өткізетін құжаттар тізімін қысқартуға күш салдық. Мәселен, зейнетақыға өтініш беру үшін бұрын талап етілетін үш құжаттың біреуін ғана - жеке куәлікті көрсетсе болғаны. Ал қызмет көрсету уақыты 7 күннен 1 күнге дейін қысқарады», - деп түсіндірді заң жобасын таныстырған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова. Салалық ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, заң жобасына сәйкес азаматтар тек зейнетақы емес, сонымен қатар жасына байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақы, жұмыстан шығып қалуына немесе бала бағуға байланысты әлеуметтік төлемдер алуға арналған құжаттарды да электронды үкімет арқылы рәсімдей алады. Үкіметтің бірыңғай ақпараттық жүйесін қолдану қажетті құжаттар тізімі мен қызмет көрсету мерзімін азайтады. Сонымен қатар бір өтініш арқылы екі бірдей мемлекеттік қызмет көрсетуге қол жеткізуге болады. Мәселен, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап өтініш беруші медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне хабарласса, оған сол жерде мүгедектікті растау құжатымен бірге мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнайы мемлекеттік өтемақыны да беру жоспарлануда. Айта кетейік, әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мен автоматтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасы ҚР-ның 7 Заңына өзгеріс енгізеді.
13:19, 04 Ақпан 2015
Қазақстандықтар зейнетақы алуға арналған құжаттарын egov арқылы тапсыратын болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары жалпы отырыста әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мен автоматтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады.