Қазақстандықтар жыл басынан бері көлік сатып алуға 127 млрд теңге жұмсаған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар жыл басынан бері автокөлік сатып алуға 127 млрд теңге немесе 248,8 млн доллар жұмсаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан автокөлік қауымдастығына сілтеме жасап.

«Атап айтқанда, ел тұрғындары отандық нарықта Toyota маркалы автокөлікті сатып алу үшін 41,6 млрд теңге жұмсады. Сол секілді Hyundai маркалы көліктер үшін 19,5 млрд теңгеге, Lada маркасы үшін 12,6 млрд теңгеге шығындалған», - делінген қауымдастықтың хабарламасында.

Айтарлықтай өсімді Hyundai маркасы көрсетіп отыр. 2019 жылғы қаңтар мен наурыз аралығында аталмыш марка бойынша 2 351 авто (+84%) сатып алынып, Hyundai көшбасшы маркалардың ізін басып келеді.

«Ең көп сатылатын жеңіл көлік маркаларының ондығын Lada (3 420, +29%) бастап тұр. Ал Toyota дилерлері алғашқы тоқсанда - 2 906 дана көлік сатқан. Жоғарыда аталғандай, Hyundai маркасы үшінші орыннан көрінсе, одан кейінгі орындарға Kia (864, +58%), Renault (504, +131%), Nissan (472, +18%), Volkswagen (392, +57%), Lexus (338, +81 %), UAZ (310, +31%) және Skoda (178, +162%) жайғасқан», - делінген хабарламада.

Модельдер бойынша қазақстандық көшбасшы көліктер мыналар: Toyota Camry (1461), Lada Granta (1328), Hyundai Tucson (934), Lada 4x4 (717), Lada Vesta (715), Hyundai Accent (593), Toyota LC Prado (509), Lada Largus (501), Hyundai Elantra (481) және Kia Rio (361).