«Медиацияның дау-жанжалдарды соттан тыс, баламалы әрі бейбіт түрде шешудің бірден-бір жолы ретінде елімізде дамыту және танымалдылығын арттыру мақсатында «Медиация күнін» ұйымдастырып отырмыз. Оның аясында ашық есік күні өтеді. Жалпы, республика бойынша біз 300-ден астам кабинет ашып, елдің кәсіби медиаторларының тегін кеңестерін ұйымдастырамыз. Оның аясында тренингтер де өткізілетін болады», - дейді Қоғамдық келісім медиацияны дамыту бөлімінің бас сарапшысы Дәурен Алпамысұлы.
Астанада ашық есік күні аудандық соттардағы медиация кабинеттерінде, «Құқық» қоғамдық қорының (Абай көшесі, 92/3), «Келісу» кәсіби медиаторлар одағы» («Алматы» іскерлік үйі, 408-кеңсе) базасында өтпек.
Астанада үш күн бойы кәсіби және кәсіби емес медиаторлар тегін кеңес беретін болады.
«Ашық есік күні сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін өткізіледі, егер ниет танытушы азаматтар көптеп келіп жататын болса, оның уақытын 17:00-ге дейін ұзарту жоспарда бар», - дейді Д.Алпамысұлы.
Сонымен қатар Қоғамдық келісім жанынан республика құрылған 17 медиация кабинеттерінде де халықты қабылдау жүргізіледі.
«Біз бұл іс-шараны медиацияны дамыту мақсатында қолға алып отырмыз, сондай-ақ халықты да қабылдап, тегін кеңестер бергеніміз абзал деп шештік. Медиация институты бізде танымал емес. Азаматтар бірден сотқа барады. Медиация - дау-жанжалды соттан тыс, жылдам әрі қолжетімді шешудің тиімді әдісі. Бұл әлемде кең тараған тәжірибе: соттардың жұмысын азайту үшін, азаматтар сотқа дейін медиаторларға жүгінеді», - деп жалғады сөзін Дәурен Алпамысұлы.
ҚХА аталмыш шара елдегі медиацияның дамуына үлкен серпін береді деп сенеді. Сонымен қатар осы арқылы ҚХА-ға қарасты медиация қызметтерінің жұмысын жүйелеуді жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, 2011 жылғы 5 тамызда заңды күшіне енген «Медиация туралы» Заң қабылданып, қолданысқа енді. Осы заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттарымен рəсімін, сондай-ақ медиатордың мəртебесін айқындайды. Медиация туралы заң қабылданғалы бері аз уақыт ішінде, құқық қорғау саласына сіңе берген сайын, құқықтық республиканың жарқын келешегі жақындай береді.
Медиацияның мақсаты - дауды бітімгершілікпен шешудің екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу. Медиацияны жүргізу кезінде еріктілік, құпиялық, медиатордың тəуелсіздігі мен бейтараптығы жəне медиация тараптарының тең құқылығы мен оның рəсіміне араласуға жол бермеушілік қағидаттары сақталуы тиіс. Медиация тəсілі сот ісіндегі тазалықты, əділ төрелікті қамтамасыз етудің негізгі тəсілдерінің бірі.