Қазақстандықтардың 30 пайызға жуығы бұқаралық спортпен қамтылуы шарт - Мемлекет басшысы

А. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстандықтардың 30 пайызға жуығы бұқаралық спортпен қамтылуы шарт.

Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халық денсаулығы - Қазақстанның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізудегі ажырамас жетістіктерінің бірі. Қазіргі таңда біз нәтижеге бағдарланған медициналық қызметтерді төлеу жүйесін енгізгелі отырмыз. Дәрілерге қатысты барлық базалық шаралар қамтамасыз етілді. Дәрілердің 50 пайызға жуығын өз елімізде шығарамыз деген мақсат та бар. Жалпы, денсаулық сақтау саласының басты мемлекеттік саясаты - салауатты өмір салты, азаматтың өз денсаулығы үшін салиқалы жауапкершілігінің болуына негізделуі шарт. Сонымен бірге, 2011 жылғы Азиада ойындарына дайындап жатқан спорттық инфрақұрылымдар бұқаралық спортты дамытуға қажетті алғышарт бола алады, бұл ретте өңірлер де Астана мен Алматыдан қалыспауы тиіс», деді Н. Назарбаев.

Сонымен бірге, Елбасы республика өңірлерінде бұл мақсатта түрлі шаралар атқарылғанын, бірақ бұның әлі де жеткіліксіз екендігін атап өтті. «Спорт және туризм министрлігі тек халықаралық спорттық шаралармен, олимпиада чемпиондарын дайындау ісімен ғана айналысып отыра бермей, ең басты шара ретінде бұқаралық спортты да дамытуы керек. Қазақстандықтардың 30 пайызға жуығы бұқаралық спортпен қамтылуы шарт. Тек осындай жағдайда ғана біз ілгерілеушілікті байқаймыз. Бұл жалпы Үкіметке жүктелген міндет», деді Н. Назарбаев.