«Қазақстан үшін ғана емес, әлемнің барша халықтары үшін үлкен проблемалардың бірі - медициналық өнімдердің интернет арқылы сатылуы. Өйткені, өкінішке қарай, біздің азаматтарымыз интернеттерде жарнамаланатын дәрі-дәрмекті сатып алуды әдетке айналдырған. Мәселен, жақында жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, қазақстандықтардың 42 пайызы дәрілік заттарды жарнамаға сеніп сатып алады», - дейді Салидат Қайырбекова.
Сонымен қатар, министрдің дерегі бойынша, еліміздегі әрбір екінші қазақстандық дәрілік заттарды дәрігердің тағайындауынсыз-ақ қабылдай береді екен. Сондай-ақ, әрбір екінші қазақстандық дәрігердің кеңесінсіз антибиотиктерді қабылдап жүрген көрінеді.
«Антибиотиктерді дәрігердің кеңесінсіз қабылдау - өз денсаулығына өз қолымен залал келтіру деген сөз. Сондықтан да, жұртшылықтың дәрі-дәрмекке қатысты құқықтық сауаттылығын арттыруды жөн санаймыз, осы бағытта екінші жыл қатарынан елімізде 16 дәрілік-ақпараттық орталықтар жұмыс істеуде», - дейді министр. Оның сөзіне қарағанда, аталмыш орталыққа соңғы жылдары жұртшылық көбірек жүгіне бастаған.