Қазақстандықтардың 45 пайызы темекіге қарсы күреске бағытталған қаржы тиімсіз жұмсалып жатыр деп санайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандықтардың 45 пайызы темекіге қарсы күреске бағытталған бюджеттік қаржы тиімсіз жұмсалып жатыр және ашық емес деп санайды.

Сауалнамаға қатысқандардың 42 пайызы болса, бұл қаржыны керісінше әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсау керектігін алға тартқан. Жауап бергендердің тек 9 пайызы ғана қаржының мақсатты жұмсалатындығын және бұл шаралар темекі тартатындардың санын азайтуға септігін тигізіп жатқандығын мойындаған.

«MRG» агенттігі қазақстандықтар арасында жүргізілген сауалнама барысында осындай деректерге қол жеткізді. Бұл шара 31 мамырда өткізілетін Дүниежүзілік темекісіз күн қарсаңына қарай арнайы өткізіліп отыр.

Бұл жерде сауалнамаға жауап бергендердің 46 пайызының пікірінше, спорт секциялары көптеп ашылуы тиіс және темекі тартудың зияндылығы туралы үгіт-насихат жұмыстары жан-жақты жүргізілуі керек. Сонда ғана мұндай зиянды әдетпен тиімді түрде күресуге болады. Қатысушылардың төрттен бірі темекіге деген әуестікті жеңу мүмкін еместігін мойындауда.

Сауалнамаға қатысқандардың 16 пайызы темекі тартуға қарсы күрестің тиімді жүргізілетіндігін, ал қолға алынған шаралардың темекі тартушыларға зиянды әдеттен арылуға көмектесіп жатқандығын айтқан. Ал 83 пайызы болса, керісінше «қолданылып жатқан шаралар тиімсіз (35%) немесе үстірт қана жүзеге асырылып жатыр» (48%) деген пікірде.

Қазір қолға алынып жатқан шаралардың бірі - темекі қораптарындағы ескертпе суреттер екені белгілі. Бірақ сауалнамаға жауап бергендердің 75 пайызы: «темекіге құмарлар оларға әлдеқашан үйреніп кеткен, яғни назар аудармайды» - деген ойда. Жауап бергендердің 16 пайызы таныстарының осы суреттердің себебінен темекіні қойып кеткендерін жеткізген.

Сауалнамаға Астана мен Алматы қалаларының жасы 18-ден жоғары 780 тұрғыны қатысқан. Олардың ішінде 194 адам темекі шегетіндер, шекпейтіндер - 586. Сауалнама үстіміздегі жылдың 21-24 мамыры аралығында телефон арқылы сұрақ қою бойынша алынды.