Қазақстандықтардың 92,7 пайызы мемлекеттік саясатты қолдайды - Демократия институты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Демократия институты» ұйымының зерттеулеріне қарағанда, қазақстандықтардың 92,7 пайызы мемлекеттік саясат бағытын қолдайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Демократия институты» қоғамдық ұйымының директоры Юлия Кучинская мәлім етті.

«Демократия институты» тұрақты негізде қоғамдық-саяси ахуалға мониторинг жүргізіп келеді. Осы зерттеулердің соңғы нәтижесі көрсеткеніндей, тұтастай алғанда Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайды тұрақты деп сипаттауға болады. Соның ішінде айта кетерлігі, қазақстандықтардың 90 пайызы елдегі ең басты жетістік ретінде тәуелсіздік пен тұрақтылықты айтады. Ал қазақстандықтардың 92,7 пайызы бүгінгі мемлекеттік саясат бағытын қолдайды», - дейді Ю.Кучинская.

Сонымен қатар, институт директорының сөзіне қарағанда, сауалдамаға қатысушылардың 81,8 пайызы тұтастай алғанда өз өмір сүру деңгейлерін қанағаттанарлық деп бағалаған.

Айта кетейік, «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы» қоғамдық ұйымы «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің тапсырысы бойынша ҚР Президентінің сайлауына байланысты электоралдық науқанға мониторинг жүргізеді. Аталған зерттеулер үш кезеңнен тұрады және 15 наурыздан басталып 18 сәуірге дейін жалғаспақ.