Қазақстандықтардың басым бөлігі елдегі саяси партиялардың белсенділігі жоғары деп санайды - Әлеуметтік зерттеу

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат -  «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы жанындағы Парламентаризм институты 2012 жылдың 1-3 маусым аралығында Қазақстанның тұрғындары арасында «Қазақстандағы қоғамдық-саяси ахуал және Қазақстан Республикасы Парламентінің қызметі» тақырыбында сауалнамалық зерттеу өткізген болатын.

Осыған орай, бүгін Парламентаризм институты әлеуметтік зертеулер нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихатын өткізді.

Зерттеу барысына еліміздің 14 облыс орталығы мен Астана және Алматы қалаларында тұратын 18 жастан жоғары 1 мың 120 адам сұралды. Бұл ретте зерттеуді жүргізушілер респонденттерді іріктеу үшін кездейсоқ таңдау тәсілін қолданды. Сондықтан да, мамандардың пікірінше, сауалнама қорытындыларының ауытқушылықтары 95 пайыздық сенімділік интервалында ( ; -) 5 пайызды құрайтын болады.

«Сауалнамаға қатыстырылып сұралғандардың 57,8 пайызы Қазақстанның саяси партиялары жоғары белсенділік танытуда және тұрақты іс-шаралар өткізіп жатыр деп санайды. Ал 22,5 пайыз респонденттің партиялар туралы әлдеқандай хабарлары болғанымен, олардың нақты тұрақты жұмысы сезілмейтіндігін атап өтеді. Сұралғандардың 10,2 пайызының пікірінше, еліміздегі партиялардың белсенділігі төмен. Олар «сайлаудан кейін партиялар көрінбейді, олардың үні естілмейді»   деп көрсеткен», - дейді брифинг барысында Парламентаризм институтының аға сарапшысы Қайратбек Жаманғұлов.