Қазақстандықтардың Димашқа берген дауыстары оның байқаудағы рейтингіне әсер етпейді

None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Қазақстандағы Facebook және Whatsapp әлеуметтік желілері арқылы Қытай байқауында өнер көрсетіп жатқан Димашқа дауыс беру туралы хабарламалар таратылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, Whatsapp  желісінде «Димашқа дауыс беру  басталды, мына қытай жазуын бассаңыз, Димаштың фотосы 1-інші болып тұр. Қызғылт сарыны басқанда, ол қоңырға айналуы керек. Дауыс беру бүгiн, қазір басталды. Біздің бала әзірге бiрiншi болып келедi. Аллаға аманат! Барлығына осыны тездетiп саларсыздар! Алға, Қазақстан!!!», - деген хабарлама таратылуда.



Сондай-ақ, Facebook әлеуметтік желісінде Димаш Құдайберген үшін дауыс беруді сұрап, мемлекеттік қызметкерлеріміз де посттар жазуда. «Димаш Құдайбергенов үшін дауыс беруіңізді өтінемін. Ол дауыстар бойынша бірінші болып келе жатыр, Дайдидау өлеңі. Қызғылт сары тетікті басу қажет. Біздің жұлдызымызды қолдайық. Репост құпталады!», - деп жазған олар, қытайлық сайттың сілтемесімен бөліскен.





Сілтемені басып көрген  ҚазАқпарат тілшісі мәселенің жай-жапсарын түсінуге тырысқан болатын. Шындығында, қазақстандықтардан сұралып отырған дауыс беру «Singer 2017» байқауының 7-кезең қатысушыларына арналған сауалнама. Оны аталмыш байқауды тікелей және интернетте көрсетуге рұқсаты бар үш видео-хостингтің бірі - қытайлық 爱奇艺 (iqiyi.com) орналастырған болып шықты. Бұл сауалнама өнерпаздардың байқаудағы ұпайларына еш әсер етпейді. Бірақ, айта кетейік, жанкүйерлердің қолдауымен Димаш аталмыш видео-хостингте 530 мың дауыс жинап, бірінші орында тұр. 

Жобаның бағалау талаптарына сәйкес , қатысушының тағдырын түсірілім барысында залда отырған 500 тыңдарман шешеді. Олар дауыс беру арқылы сол кезеңдегі ең үздік әншіні таңдап, ең аз ұпай жинаған бір қатысушыны байқаудан шығарып отырады. Әр айналымның қорытындысы бойынша, 1-орыннан 7-орынға дейін рейтинг құрылып, жобадан шығып қалған 7-орындағы әншінің орнына жаңа әнші қосылады.

Айта кетейік, «Singer 2017» байқауының жетінші кезеңі 4 наурыз күні эфирде көрсетілді. Димаш қазақтың «Дайдидау» әнін орындап , үшінші орын алғаны туралы хабарлаған едік. Оның қытайша «Таң атты» әнін орындаған сегізінші кезең - 11 наурызда,  әлемдік хит «All by Myself»-ті орындаған тоғызыншы кезең 18 наурызда көрсетіледі.

Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген байқаудың тоғыз кезеңінде өнер көрсетіп үлгерді. Финалға тек бір кезең қалды.