Айта кетейік, утилизациялау бағдарламасы өткен жылы қарашаның 21-і күні басталған болатын. Осылайша, бір айдан астам уақыттың ішінде утилизациялау бекеттеріне 5,5 мың көлік жеткізілді. Соның басым бөлігі бірінші категория бойынша бағаланды, яғни әрбір көлік үшін 150 мың теңге берілді. Жалпы, утилизация бағдарламасына қатысқан азаматтарға 849 млн. 138 мың теңге төленді.
«Утилизацияға тапсырылған көліктердің басым бөлігі - «ВАЗ- 2105», «ВАЗ-2106», «ВАЗ 2101», «ГАЗ 3110», «Москвич -2140» жән «Мазда 626» маркалы көліктер. Ескі көліктерді қабылдау жағынан Шымкент қаласы көш бастап тұр. Одан кейін Қостанай мен Алматы қалалары келеді. Ал ең ескі көлік Орал қаласында тапсырылды. Ол - 1948 жылғы «Москвич», - делінген бағдарлама үйлестірушісі - «ӨКМОператоры» ЖШС мәліметінде.
Айта кетейік, бағдарлама аясында 3,5 тоннадан аспайтын жеңіл көліктер қабылданады. Ал утилизациялық төлемнің көлемі автомобильдің теxникалық жағдайына қарай белгіленеді. Толық комплектациясына 150 000 теңге берілсе, істен шыққан көліктер үшін 48 000 теңге төленеді.