Қазақстандықтардың генетикалық паспорты жасалады - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 4 ақпан, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Үнқатысу үлкен тиімділікке әкеледі» атты мақала басылды. Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы еліміздегі ең ірі ұйымдардың бірі саналады. Оның құрамында 2 миллионға жуық мүше бар екенін ескерсек, Ұйымның жұмысы туралы көпшілік көкейінде сауалдар туындайтыны да заңдылық. Міне, сол сауалдарға жауап беру үшін кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының 2014 жылғы қорытындылары және 2015 жылдың мақсаттары» атты арнайы брифинг өткізілді. Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов сөз реті келгенде үш жыл қатарынан талқыдан өткен «Кәсіби одақтар туралы» Заңның былтыр қабылданғанын, оған сәйкес Федерация өзінің ХХІІІ съезін өткізгенін және жаңа жарғы қабылданғанын да тілге тиек ете кетті. Ә.Құсайыновтың пайымынша, жаңа заң кәсіподақтар қозғалысын одан әрі дамытуға деген қадамды түбірімен өзгерткен. Жаңа заңда «әлеуметтік әріптестіктің» деңгейлері Үкімет, кәсіби одақтар және жұмыс берушілер деп белгіленсе, үшжақты салалық келісім базалық құжат болып саналған.

Бас басылымда «Орта бизнестің орнықты даму бағдарламасы» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Кеше Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев пен Экономика министрі Ерболат Досаевтың қатысуымен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның алғашқы отырысы өтті. Онда холдингтің орта бизнесті дамытуға арналған жаңа бағдарламасы таныстырылды. Орта бизнесті қолдауға арналған «Бәйтерек» холдингі ұсынып отырған жаңа бағдарлама, еліміздің шикізаттық емес секторында бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған аймақтық және әлемдік деңгейдегі кәсіпорындар шоғырын қалыптастыруды көздейді. Жоспарға сай, бағдарламаның алғашқы кезеңі сынақ түрінде жүзеге асырылады екен. «Біз компанияларды дамытуға, шикізаттық емес экспортты өсіруге, өнеркәсіптік өндірісті арттырып, кәсіпорындарға жоғары табысты жұмыс орындарын құруға көмектесуді көздейміз. Алғашқы кезеңде негізінен үш салаға басымдық беріледі. Олар агроөнеркәсіп кешені, машина жасау және құрылыс материалдарының өндірісі. Ал енді бағдарламаға қандай компаниялар қатыса алады? Нақты көрсетер болсақ, активтері 2 млрд. теңгеден асатын, соңғы үш жылда тұрақты дамыған, осы уақытта бір рет болсын өнімін экспортқа шығарған және кемінде 200 жұмыс орны бар кәсіпорындар қатысу мүмкіндігіне ие болады.

***

Қазақстанда бір қызық жаңалық ендірілгелі отыр. Оған сәйкес, мемлекет әрбір азаматының денсаулық жағдайын біліп қана қоймай, оның тұқымындағы өзгерістерді де бақылап отыруы ықтимал. Бұл үшін елімізде алда арнайы «карта» өндірілмек. Оның мән-жайына денсаулық сақтау ведомствосы басшылығының өкілі түсініктеме бере кетті. Осы орайда, «Атамекен» Қазақстан ұлттық кәсіпкерлері палатасының атынан оның Әлеуметтік сала және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов Үкіметке елді елең еткізерлік ұсыныспен шықты. Ұлттық палатада «Жаңа технологиялар комитеті» құрылған екен. Осыған орай ол ҚҰКП және бейінді министрліктің мамандарын кездесуге, сонда зағип, есту қабілеті бұзылған және басқа да мүмкіндігі шектеулі жандар арасында қандай проблемалар барлығын беклгілеп алуға шақырды. Оның айтуынша, Қазақстанда әрбір азаматтың «Тұқым қуалау картасы» болуға тиіс!. Бұл туралы «Айқын» газетінің « Қазақстандықтардың генетикалық паспорты жасалады» деген мақаладан оқи аласыздар.

Осы басылымның «Мінбер» айдарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов оқырмандармен ой бөлісті. «Елдің әлеуметтік-мәдени, экономикалық, индустриялық дамуы жөнінде ойлана келгенде, мені үнемділік мәселесі толғандырады. Халықты үнемдей білуге шақыруымыз керек деп ойлаймын. Жалпы дүниежүзі бойынша ғимараттың қабырғалары жылуды сақтауы нашар болғандықтан, 25 пайыз жылу энергиясын жоғалтады екенбіз. Дүниежүзінде шығарылатын азық-түлік өнімінің отыз пайызы тұтынушыға жеткенше жоғалады немесе бұзылады екен», - дейді депутат газет бетіндегі « Үнем мен тазалық мәселесіне мықтап мән беретін кез жетті» деген тақырыппен берілген сұхбатында.

***

Ақтөбеде оқытушымен жанжалдан кейін оқушы балалар ауруханасына түсті. Дәрігерлердің қойған диагнозына қарағанда, баланың бас миі шайқалған көрінеді, деп жазады «Время» газеті «История с географией» атты материалында. Басылымның хабарлауынша, бұл оқиға өткен аптада орын алған. №51 мектеп-гимназиясының залында жиналыс өткелі жатқасын, ол жерге қосымша орындықтар мен парталар қажет болған екен. Осыған байланысты география пәнінің мұғалімі 6 Б сыныбынан кіріп, уақытша бір парта қажет екенін түсіндірген. Алайда, оқушылардың бірі педагогке парталар балалардың өздеріне жетпей жатқандығын айтқан. «Бір партада үш адамнан отырмыз. Осы жайында мен мұғалімге айттым. Бірақ та ол мені жұдырығымен екі рет ұрды», -дейді алтыншы сыныптың оқушысы

***

«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Где зарыты миллионы "Сбербанка"?» деген материал берілген. Атап айтқанда Татарстанда аталған банк филиалының тоналуына байланысты жаңа фактілер пайда болды. 63 млн. рубльді қолды қылған бас күдікті инкассатор Игорь Богаченконың сыбайластарының бірі Қазақстан азаматы болған екен. Тергеу амалдарының мүддесіне орай оның аты-жөні жарияланбай отыр. Игорь Богаченконың сөзіне қарағанда, қазақстандық оның жақын туысы көрінеді.