Қазақстандықтардың қаншасы қолма-қол ақшаны пайдаланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық банкі «Қолма-қол ақшаны пайдаланудың орта мерзімді перспективалары» тақырыбындағы әлеуметтік зерттеудің нәтижелерін жариялай бастады. Қазақстандағы экономика субъектілерінің төлем қалауы туралы зерттеу алғаш рет жүргізіліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаржы ұйымының мәліметінше, мұндағы негізгі мақсат – қолма-қол ақша айналымының даму тенденцияларын, қолма-қол ақшаға сұранысты қалыптастыратын факторларды анықтау, сондай-ақ экономика субъектілерінің қолма-қол ақша мен олардың номиналды құрылымын пайдалануын зерттеу.

«Зерттеу сауалнама әдісімен үш кезеңде жүргізілді. Сонымен қатар, респонденттердің төлем күнделіктеріне талдау жасалды, оның көмегімен респонденттер апта ішінде барлық шығындарын тіркеді: сомалар, төлем орны, төлем әдісі және т. б.

Сауалнамаға 9 628 респондент қатысты, оның ішінде 6 095 жеке тұлға, 3 533 кәсіпкерлік субъекті бар. Зерттеу Қазақстанның 17 облысын және республикалық маңызы бар 3 қаланы қамтыды», - деп жазды Ұлттық банктен.

Ондағы мәліметтерге қарағанда респонденттердің 60 %-ы қолма-қол ақшаны күнделікті есеп айырысу үшін, 72 %-ы қолма-қол ақшаны алу үшін банк картасын пайдаланады. 31%-ы шағын және орта номиналдардағы сұранысты атап өтсе, қатысушылардың аптасына қолма-қол шығыстарының орташа мөлшері 27 мың теңгені құрады. Олардың шығыстарының қолма-қол ақшаға тиесілі үлесі - 35%. 74%-ы қолма-қол ақшасыз төлем құралдарын пайдаланады, кәсіпкерлер айналымындағы қолма-қол ақшаның үлесі - 35%.