Қазақстандықтардың көбі биыл демалыс үшін Ыстықкөлді емес, Алакөлді таңдаған

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Туроператорлар Алматы облысында Алакөлде демалыс маусымын ашық деп жариялады. Демалыс аймақтарының жағдайы ақпараттық тур кезінде тексерілді, енді өз елімізде демалғанды ұнататын жандар осында демала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бір ай бұрын Алакөл ауданына Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен барды. Сонда Нұрсұлтан Назарбаев «Алакөлдің Қазақстандағы ең жиі баратын орын болуы тиіс» екендігін атап өткен еді. Ол үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық және жергілікті маңызы бар тасжолдар құрылысы белсенді жүріп жатыр.

Алакөлдің туристік базасына жол тарту үшін  Ақшы ауылына дейін пойызбен баруға болады. Жол жүру уақыты бір тәуліктен аз, бірақ пойыздар Алматыдан белгілі бір күндері қатынайды. Таяуда Үшарал қаласында әуежай ашылды. Енді Алакөл жағалауына бір жарым сағатта ұшып баруға мүмкіндік бар.

Демалыс аймағы орналасқан жерде қалтаның қалыңдығына қарай түрлі туристік базалар қызмет көрсетеді. Мұнда 5 мың теңгеден басталатын эконом класс нөмірлері де, 35-95 мың теңге аралығындағы люкс қонақүйлер де бар.

Айта кеткен жөн, биыл Алакөлде демалып жатқан туристер Ыстықкөлді емес, жергілікті суайдынды таңдаған. Олар өз таңдауларын бағаның қолжетімділігі мен көлдің емдік қасиетімен түсіндірді.

«Мұнда судың емдік қасиеті бар. Аллергия, сезімтал тері мәселелері бірнеше рет суға түскеннен кейін кетеді. Біз достарымызбен бірге келдік. Алакөлге бірден ғашық болдық. Мұнда үшінші рет келіп отырмыз», - деді туристер.

Қазіргі таңда 180 демалыс аймағы туристерді қабылдауға дайын. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, деп атап өтті аудан әкімшілігінен. Туристерге арналған басқа да орындардың құрылыстары жүріп жатыр.

Алакөл ауданында туристік қызмет көрсету көлемі 2017 жылы 3,5 млрд теңгені құраған, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 8 есе көп. 

 

Соңғы жаңалықтар