Қазақстандықтардың коммуналдық қызметтерге қарызы - 5,8 млрд. теңге

АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстандықтардың коммуналдық қызметтерге қарызы 5,8 млрд. теңгені құрайды.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин мәлім етті. «Өткен жылу беру маусымының соңында тұтынушылардың коммуналдық қызметтерге дебиторлық қарызы 6,8 млрд. теңге болған еді. Ағымдағы жылдың 20 қаңтардағы жағдай бойынша ол 5,8 млрд. теңгені құрап, 675 млн. теңгеге немесе 10 пайызға төмендеді»,-деді ол. Вице-министрдің атап өтуінше, тұтынушылардың коммуналдық қарыздары Астана қаласында 276 млн., Қостанай облысында 171 млн., Оңтүстік Қазақстан облысында 86 млн., Ақмола облысында 43 млн., Батыс Қазақстан облысында 34 млн. теңгені құрайды. Павлодар облысында дебиторлық қарыз жоқ. Ал, қалған өңірлерде қарыздардың төмендеу деңгейі айтарлықтай емес. «Өңірлердегі дайындық жұмыстарының аяқталуын ескере отырып, министрлікпен күзгі, қысқы кезеңнің өтуіне күнделікті мониторинг жүргізілетінін атап өткім келеді. Осыған орай әкімдіктер күнделікті негізде бекітілген формаға сәйкес 2013-2014 жылдардағы жылу беру маусымының өтуі туралы сенімді ақпараттарды ұсынуы қажет»,-деді С. Нокин.