Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтыр қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 0,69 жасқа артып, 70,3 жылды құрады. 2012 жылы аталған көрсеткіш 69,61 жылды құраған болатын. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында мәлім болды.

Онда «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының атқарылу барысы талқыланған болатын.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, былтыр ерлердің өмір сүру жасы - 65,6 жас, әйелдерде - 74,8 жасты құрады. Ал әйелдер мен ерлер арасындағы өмір сүру ұзақтығындағы айырмашылық 2007 жылы 11,63 жылды құраса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 9,2 жыл болды.

Бұдан бөлек, өткен жылы республикамызда халықтың табиғи өсімі 4,6 пайызды құрады. Сонымен қатар, есепті кезеңде аналар өлімі 6,7 пайызға, нәрестелер өлімі көрсеткіші - 17 пайызға төмендеген. Соңғы 5 жылда ана өлімі - 3 есеге, нәрестелер өлімі - 1,5 есеге азайған.