Оның айтуынша, бұл көңіл қуантарлықтай жағдай емес. Ал ұлт денсаулығы қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі. Бірақ өкінішке қарай, осы бағытта қолға алынған саламатты өмір салтын насихаттау үдерісі өз деңгейінде жүргізіліп жатқан жоқ. «Қазақстандықтардың 80 пайызы елімізде жүргізіліп жатқан саламатты өмір салтын насихаттау үдерісі құр даңғазаға айналып барады деп санайды. Ал 12 пайызының пікірінше, тіпті жүргізілмейді», - деді Анна Шелепова. Сондай-ақ Анна Шелепова аталмыш шара лайықты жүргізілмегендіктен де қазақстандықтардың спортқа деген ынтасы төмен екендігін жеткізді. «Бүгінгі таңда қазақстандықтардың тең жартысы спортпен айналыспайды. Өйткені спорт орталықтарының бағасы қымбат немесе уақыты әлде ақшасы жоқ. Ақша демекші, сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың 33 пайызы спортпен айналысуға айына 10 мың теңге ғана бөле алса, 34 пайызы 20 теңге бөлуге дайын. Ал 25 пайызы спорт залдарына жылына бірнеше рет қана барады», - деді А.Шелепова. Дегенмен «Sport Concept» қоғамдық қорының президентінің айтуынша елімізде жыл сайын саламатты өмір салтын насихаттау үдерісіне қаржы жеткілікті бөлінеді. Мысалы, 2013 жылы осы мақсатқа 1,5 млрд. теңге бөлініпті. Анна Шелепованың айтуынша, елімізде саламатты өмір салтын ұстанушылардың аздығынан да Қазақстан жағымсыз көрсеткіштерден арыла алмай келеді. Мысалы, еліміз алкогольды ішімдіктерді қолдану бойынша әлемде 188 елдің ішінен 34-ші орында келеді. Ересектердің 20 пайызы, жасөспірімдердің 10 пайызы темекі тартады. Сондықтан, елімізде саламатты өмір салтын насихаттау шараларына мемлекет тарапынан қатаң бақылау қажет. Сондай-ақ аулалық спортты дамытуға бюджеттен жеткілікті қаржы бөлінгені жөн.
14:33, 02 Қазан 2014
Қазақстандықтардың тең жартысы спортпен айналыспайды - сарапшылар
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандықтардың тең жартысы спортпен айналыспайды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Sport Concept» қоғамдық қорының президенті Анна Шелепова мәлім етті.