«Депозит көлемі тамыз айының соңында 5,5 пайызға, яғни 17,5 трлн теңгеге төмендеді. Бұл осы жылдың бірінші тоқсанында банктерді қалыпқа келтіру ісіне байланысты. Осы жылдың сәуір-тамыз айларында депозиттер өсімі 1,9 пайызды көрсетіп, 327 млрд теңгеге жетті», - деді Ерболат Досаев Үкімет отырысында.
Ұлттық банк төрағасының айтуына қарағанда, шетел валютасындағы салымдарды теңгеге ауыстыру жұмысы жалғасады.
«8 айда ұлттық валютадағы салымдар 3 пайызға өсті. Ал валюталық депозиттер 14,5 пайызға төмендеді. Осының нәтижесінде депозиттерді долларландыру деңгейі жыл басындағы 48,4 пайыздан 43,8 пайызға төмендеді», - деді ол.
Ерболат Досаев атап өткендей, биылғы сәуір-тамыз аралығында несие портфелі 13,2 трлн теңгеге, яғни 6 пайызға өскен.
«Бұл бағыттағы өсім жыл басынан бері 1 пайыз болды. Бұл ең алдымен жеке тұлғалардың несие портфелінің 16 пайызға, яғни 6,2 трлн теңгеге ұлғаюымен тікелей байланысты. Заңды тұлғаларға берілген несие көлемі 9,2 пайызға – 7,1 трлн теңгеге дейін төмендеді», - деді ол.
Еске сала кетсек, Ұлттық банк төрағасы бүгінгі Үкімет отырысында Қазақстанның қаржы нарығындағы жағдай тұрақты екенін мәлім еткен болатын.