Қазақстандықтардың жетім және тастанды балаларды асырап алу көрсеткіші көтеріліп келеді - БҒМ Балалар құқықтарын қорғау комитеті

АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Халықаралық бейбітшілік күніне орай Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында Жетім және тастанды балаларды асырап алған азаматтардың слеті ашылды.

Іс-шараның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Раиса Шер атап көрсеткендей, соңғы кездері қазақстандықтардың жетім және тастанды балаларды асырап алу көрсеткіші жоғары болып тұр. «Мәселен, өткен жылы интернатта болған 1127 бала жаңа отбасын тапты. Биыл олардың қатарына тағы 327 бала қосылды. Демек, біздің азаматтар жетім және тастанды балалар мәселесіне немқұрайлы қарап отырған жоқ. Бұл Қазақстанда жүрегі кең адамдардың көп екендігін көрсетеді. Жалпы, бүгінде Қазақстанда 18 мың отбасы 23 баланы асырап отыр», - дейді Р.Шер. Комитет төрайымының сөзіне қарағанда, бүгінде комитеттің арнайы сайтында балаларды асырап алу мәселесі бойынша барлық ақпаратты алуға болады.

Айта кетейік, бүгін Жетім және тастанды балаларды асырап алған азаматтардың слеті республиканың барлық облыстарында өтіп жатыр.