Қазақстан–Франция ынтымақтастығы: Жамбылда 1 ГВт-тық жел стансасы салынады

Фото: Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Франция 1 ГВт-тық жел электр стансасы мегажобасын іске асырудың белсенді кезеңіне өтті, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов француздық TotalEnergies энергетикалық компаниясының топ-менеджментімен кездесу өткізді. Талқылауға TotalEnergies EP компаниясының Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша аға вице-президенті Мансұр Жақыпов және TotalEnergies-тің Қазақстандағы басшысы Фруде Юнес қатысты.

Фото: Энергетика министрлігі

Келіссөздер барысында компанияның Қазақстандағы негізгі инвестициялық жобаларының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Нақты айтқанда, Жамбыл облысында қуаттылығы 1 ГВт болатын «Мирный» жел электр стансасын салу жобасына ерекше назар аударылды.

Аталған жоба Қазақстан мен Франция арасындағы декарбонизация бағытындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бөлігі саналады. Ол екі ел үкіметтері арасында жасалған арнайы келісім аясында жүзеге асырылып жатыр.

Фото: Энергетика министрлігі

— Айта кетейік, стансаның бірегейлігі оның гибридті сипатында: жел генерациясымен қатар, кешен 300 МВт/600 МВт.сағ көлеміндегі энергия жинақтау жүйесімен жабдықталады. Бұл жалпы электр желісіне берілетін қуатты тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоба аясында «Оңтүстік Қазақстан МАЭС» (ЮКГРЭС) және «ШУ» қосалқы стансаларына қосылу үшін 280 шақырым жоғары кернеулі электр желілерін салу жоспарланған, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Кездесу соңында Ерлан Ақкенженов жобаны уақтылы іске қосу және екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Энергетика министрлігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Фото: Энергетика министрлігі

TotalEnergies компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылатын бұл жоба Қазақстанның көміртектік бейтараптыққа қол жеткізуіне елеулі үлес қосып, өңірді таза энергиямен қамтамасыз етуге және жаңартылатын энергия көздері саласында жаңа технологиялық құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді.

Осыдан бұрын Президент Қазақстан мен Франция арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы заңға қол қойғанын жаздық.